«Кәсіпкерлікті қолдау – міндетіміз»
– Бүгінде ел кәсіпкерлері мемлекет тарапынан жүйелі ұйымдастырылған қамқорлықты сезіне бастады. Осы бағытта еліміздің әр өңірінде кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылып жатқанынан хабардармыз. Олар нақты қандай қызметтер көрсетеді? – Ресми статистикаға сүйенсек, бүгінде республикада 1 миллион 200 мыңнан астам кәсіпорын мен жеке кәсіпкер жұмыс істеуде. Шағын және орта бизнес секторында 3 миллионға жуық адам жұмыспен қамтылған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында айқын міндет – «2030 жылға қарай шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі, ең аз дегенде, екі есе өсуге тиіс», деген нақты тапсырма берген болатын. Соңғы бірнеше жыл ішінде кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау білдіру, отандық бизнеске қолайлы жағдай туғызу мақсатында көптеген ауқымды іс-шаралар атқарылды. Бұл бағытта Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алар орны ерекше екенін атап өткен жөн. Өзіңіз айтып өткендей, қазір әр аймақта палата мен оның өңірлердегі филиалдарының базасында, Ұлттық экономика министрлігі және «Даму» қорының қолдауымен кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылып, тұрақты жұмыс істей бастады. «Бір терезе» жүйесі бойынша қызмет көрсететін бұл орталықтар бизнес өкілдерінің жұмысын барынша жеңілдетуі тиіс. Ең әуелі мұндай орталықтарды ашудағы мақсат халықтың кәсіпкерлікпен айналысуға деген ниетін арттыру болып отыр. Аталған орталықтарда бұқараны бизнес-ағарту, іскерлік кеңес беру секілді жалпы 20-дан астам қызмет түрі ұсынылады. Таратып айтсақ, консультациялық қызметтер: бизнесті құру және жұмыс істеп тұрған бизнесті тиімді жүргізу, қаржылық және құқықтық, сыртқы нарықта бизнесті жүргізу бойынша кеңестер беру, салық саласы бойынша кеңестер, оның ішінде, салық салу жүйесіндегі жеңілдетілген салықтық декларацияларды дайындау. Білім саласындағы қолдау бағдарламалары бойынша жұмыс істеп тұрған әрі әлеуетті кәсіпкерлер үшін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудағы негізгі функциялар мен бизнесті басқару бойынша арнайы курстар, тренингтер, семинарлар жүргізу. Сондай-ақ, кәсіпкерлерді шағын және орта бизнеске арналған мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпараттандыру. Қазірде аталған орталықтар жанынан «Бизнес-мектептер» ашылуда. Оларда жас кәсіпкерлер іскерлік негіздерін оқып, облыста немесе ауданда нақты бір жобаны жүзеге асыруға бағытталуда. – Бұрын бизнесті тіркеуден бастап, оған тиісті рұқсаттама-құжаттарды алу мәселесі, тағы да басқа әкімшілік кедергілер көп болатын. Жасыратыны жоқ, кей жағдайларда әлгіндей әурешіліктен құтылу үшін кәсіпкерлер біреулердің «қолдарын майлап» жататын кездер де болғаны рас. Осы орайда кәсіпкерлерді қолдау орталықтарының қызметі бизнес өкілдеріне тиімді болып отырғаны анық. Қазір еліміз бойынша қанша орталық ашылды және олар тек қалалық жерде ме, әлде ауылдарда да бар ма? – Бүгінде Қазақстанда жұмыс істеп тұрған және өз кәсібін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлердің ақпараттық-кеңестік қызметтерге, оқуға деген сұранысы жоғары екені байқалады. Әрі халықтың мұндай ынта-ықыласы бізді қуантады. Аталған орталықтардың міндеті – кәсіпкерлердің, әсіресе аудандар мен шағын қалаларда, өзінің бизнесіне байланысты барлық сауалдар бойынша көмектесе алатын бір орталыққа жүгінуін іске асыруда болып отыр. Яғни, кәсіпкерлердің билік органдарымен қатынасуы азаяды, осы арқылы, ең бастысы, өзіңіз айтып өткендей, олардың тарапынан болатын парақорлыққа жол берілмейді. Бүгінде кәсіпкерлікті қолдау орталықтары еліміздің 5 облысында ашылды. Биылғы жылдан бастап мұндай орталықтар құру бойынша аудандар мен ауылдар деңгейіне шығудамыз. Жоспарға сәйкес, 2015 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін Қазақстанның 188 ауданында осындай орталықтар ашылуы тиіс. – Жөн екен. Дегенмен, осыншама орталықты тиісті маманмен қамту мәселесі қалай жүзеге асып отыр? – Сұрағыңыз орынды, мұндай мәселе туындауы әбден мүмкін. Егер мамандар аудан деңгейінде қандай да бір сауалға жауап бере алмаса, онда кәсіпкер онлайн тәртібінде бейнебайланыс көмегімен облыстық кәсіпкерлікті қолдау орталықтарынан консультация ала алады. Яғни, қалаға сабылып барудың қажеті жоқ. Аталмыш орталықтарға барлық бағдарламалардан хабары бар мамандар ауадай қажет. Бүгінде осындай кадрларды даярлауға да көп көңіл бөлініп отыр. Реті келгенде айта кетейін, Кәсіпкерлер палатасы Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, мамандарды дуалды оқыту жүйесін енгізу бойынша «Жол картасын» жасап, оны іске асыруда. Ол аймақтар бойынша 11 маңызды саланы, 206 колледж, 83 мамандықты қамтиды. 2014-2016 жылдар аралығында 611 кәсіпорынның тапсырысына сәйкес 10 мыңнан астам маман әзірлеу жоспарлануда. Жұртшылықты кәсіби мамандандыру бағытында арнайы оқу орталықтарын көптеп ашу жұмысы жүйелі жүргізілуде. Бүгінде еліміз бойынша 13 оқу орталығы жұмыс істеп тұр. Өңірлерде 6 студенттік бизнес-инкубатор құрылды, 6 аймақта орта мектептерде, колледждерде 21 кәсіби мамандандыру кабинеттері ашылды. Жалпы, қазір шағын және орта бизнесті қолдауға байланысты мемлекеттік бағдарламалар көптеп жүзеге асырылып отыр, бірақ көп жағдайда олар жайлы қарапайым халық біле бермейтіні байқалады. Мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға арналған мүмкіндіктер туралы халықты жан-жақты ақпараттандыруға маңыз беріп отырғанымыз сондықтан. – Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының жұмысына мониторинг жасап, қадағалап отырасыздар ма? – Қазір арнайы автоматтандырылған бағдарлама дайындалуда, онда тұрақты түрде, онлайн тәртіпте, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының орталық аппаратында және өңірлік палатада кәсіпкердің өтініш берген уақыты, жұмыстың қалайша жылжып жатқаны, жүзеге асыру мерзімінің созылып кетпеуі бақыланып отыратын болады. Яғни, орталықтардың барлық қызметі өз кәсібін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлер санының артуымен және жұмыс істеп тұрған бизнестің нығаюымен әрі дамуымен анықталатын нәтижеге бағытталатын болады. Одан бөлек, «Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары жайлы кәсіпкерлердің өздері қандай пікірде, қызмет сапасы көңілден шығып жатыр ма?» деген секілді сауалдар төңірегінде үнемі зерттеу жүргізіп, ұсыныстар болса оларды да назардан тыс қалдырып жатқан жоқпыз. Кәсіпкерлер көбіне қандай мәселе бойынша кәсіпкерлікті қолдау орталықтарына жүгінетінін де тұрақты қадағалап отырамыз. Мәселен, Шығыс Қазақстанда жақында ашылған орталықтың қызметкерлері жергілікті кәсіпкерлердің көбіне жер мәселесі, архитектура, «Бизнестің жол картасы-2020», шағын қалаларды дамыту бағдарламаларына қатысты, сонымен қатар, кепілдік жарна болмаған жағдайда несие алу мүмкіндігі, жеке кәсіпкерлік ашуға байланысты сұрақтармен жиі келетінін айтады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Кеше
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Кеше
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Кеше
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Кеше